homepage
Фото: egemen.kz

Қазақстан орман шаруашылығына инвестицияны сегіз есе арттырды

03.11.2025, 15:03

Қазақстанда орман шаруашылығы мен ағаш дайындау саласына салынған инвестиция көлемі соңғы айларда күрт өсті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл бағыттағы негізгі капиталға салынған инвестиция 8,8 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8 есе көп (2024 жылы — 1,1 млрд теңге, 2023 жылы — 1,9 млрд теңге). Бұған дейін, 2015–2022 жылдары бұл салаға салынған қаржы жылына жарты миллиард теңгеден аспайтын.

Finprom.kz мәліметінше, мұндай өсім ең алдымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен «2025 жылға дейін екі миллиард ағаш егу» бағдарламасының белсенді жүруімен байланысты. «Жасыл Қазақстан» жобасының 2021–2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 1,4 трлн теңгеден асады. Бұл бастама жасыл аймақтарды кеңейтумен қатар, экологиялық ахуалды жақсартуға, суды тиімді пайдалануға және биологиялық әртүрлілікті сақтауға бағытталды.

Ал «Екі миллиард ағаш» жобасына 2021–2025 жылдары 36 млрд теңге бөлінді. Алайда жоспар толық орындалмағандықтан, мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды. Биылғы шілде айындағы дерекке сәйкес, ел бойынша 1,4 млрд ағаш егілді.

2025 жылғы күрт өсім, негізінен, мемлекеттік қаржыландырудың есебінен қамтамасыз етілді. Барлық инвестицияның шамамен 60%-ы — 5,1 млрд теңге — бюджет қаражаты. Оның ішінде республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 2,4 млрд теңге бөлінді. Бұл — өткен жылғы үлестен үш есе артық.

Сонымен қатар саладағы жеке инвестициялар үлесі өте төмен күйінде қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, орманды қалпына келтіру мен елді көгалдандыру ісінде жеке кәсіпкерлердің белсендірек қатысуы қажет.

Қаржы көлемінің артуына қарамастан, салада жұмыс істейтіндер саны азайып келеді. 2025 жылдың екінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, орман шаруашылығында бар болғаны 1,8 мың адам еңбек еткен. Бұл бес жыл бұрынғыдан шамамен 1,2 мың адамға аз. Инвестиция көбіне жаңа техника алуға, автоматтандыру мен тұқым шаруашылығын дамытуға жұмсалуда.

Есесіне, саладағы орташа айлық айтарлықтай өскен — 311,5 мың теңгеге, бұл бір жылда 37% өсім деген сөз. Жалпы экономика бойынша өсім небәрі 11,3% болды. Осыған қарағанда, орман шаруашылығында кәсіби мамандарға сұраныс күшейіп, жалақы да соған сай артып келеді.

Дүниежүзілік банк дерегіне сай, Қазақстандағы орман аумағы тұрақты өсуде. Егер 2010 жылы ел аумағындағы орман көлемі 30,8 мың шаршы шақырым болса, 2023 жылы ол 35,4 мың шаршы шақырымға жеткен. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш «Жасыл Қазақстан» және «Екі миллиард ағаш» жобаларының арқасында айтарлықтай жеделдеуі мүмкін.