homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алматыда жер сілкінісі кезінде хабарлау жүйесі істемегені үшін жауаптылар жазаланды

03.11.2025, 14:41

Алматыда 2024 жылғы 23 қаңтардағы жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі іске қосылмағаны үшін жауапты тұлғалар сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Прокуратураның мәліметінше, төтенше жағдайлар департаментінде осы жүйені сатып алу кезінде заңсыздықтар анықталған. Тергеу барысында TNS-INTEC компаниясының бас директоры сапасыз құрал-жабдық жеткізіп, орындалған жұмыстар туралы жалған актілер рәсімдеп, ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болды.

Әскери соттың үкімімен ТЖД басшысының үш орынбасары, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдері кінәлі деп танылып, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет істеуге тыйым салына отырып, бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Алматыдағы ерте ескерту жүйесінің іске қосылуын тексеретінін хабарлаған болатын.