homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Соңғы үш жылда Қазақстанда қолма-қол ақшаға сұраныс өсті

03.11.2025, 10:29

Қазақстанда қолма-қол ақша айналымы өсіп келеді: биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында банктер мен банкоматтар арқылы 20,1 триллион теңге қолма-қол берілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ұлттық банктің дерегінше, өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш шамамен 16 триллион теңге болған. Яғни бір жылда халықтың қолма-қол ақша алу көлемі 25 пайызға жуық артқан. Әсіресе жаз айларында ақша алу белсенді болғанымен, қыркүйекте көрсеткіш аздап төмендепті.

Негізгі үлес банкоматтарға тиесілі — 17,2 триллион теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,3 пайызға көп. POS-терминалдар арқылы алынған қаражат көлемі 2,7 триллион теңгеге жетіп, 1,6 есеге артқан. Басқа құрылғылар арқылы 228,9 миллиард теңге шешілді.

Өңірлер бойынша Алматы көш бастап тұр — 6,8 триллион теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Одан кейін Астана – 2,1 триллион теңге (+10,5%) және Шымкент – 1,8 триллион теңге (+1,8 есе). Сондай-ақ қарағандылықтар 1,1 триллион теңге (-8,3%), жамбылдықтар 805,8 миллиард теңге (+22,4%), ақтөбеліктер 738 миллиард теңге (+7,8%), ал Маңғыстау облысының тұрғындары 708,8 миллиард теңге (+1,7%) қолма-қол ақша алды.