1 қараша күні Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінде “Jaidarman Junior” республикалық жобасының үлкен финалы өтті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Cайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік жас жайдарманшылар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Биылғы маусымның финалы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тапқыр әзілдерімен, сахналық мәдениетімен және ерекше идеяларымен көрерменді тәнті етті.
Финалда Абай облысының Аягөз ауданынан “Жастық шақ”, Түркістан облысы, Кентау қаласынан “Жеңіс”, Қызылорданың Арал ауданынан “Дарын”, Жалағаш ауданынан “Дәуімбай”, Ақтөбеден “Академия балмұздақтары”, Атырау облысының Теңіз ауылынан “Теңіз жастары”, Атырау қаласынан “Әжесінің балалары”, Жамбыл облысы, Меркі ауданынан “Элегант”, сондай-ақ Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданынан келген “Ақсу” командалары өнер көрсетті. Әр команда өз аймағының намысын қорғап, көрермен мен қазылар алқасына әсерлі ойын ұсынды.
Ойын барысын қазылар алқасы мұқият бағалады. Биылғы маусымда әділқазылар құрамында “Эверест” командасының капитаны Бақытжан Қахар, “Ақпен бірге” тобының жетекшісі Лаура Рахимбаева, “ZERDELI” ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Рысбек Мәуіт, Тараз қалалық мәслихатының депутаты әрі “TARAZ24” телеарнасының құрылтайшысы Зарина Қуатова және Алматы жайдарман филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов болды.
Финал қорытындысы бойынша чемпион атағы Түркістан облысы, Кентау қаласынан келген “Жеңіс” командасына бұйырды. Олар сахнадағы табиғилығымен, үйлесімді ойынымен және ерекше сценарийімен өзгелерден озық шықты. Бірінші орынға Атырау қаласынан “Әжесінің балалары” және Ақтөбеден “Академия балмұздақтары” командалары лайық деп танылды. Екінші орын Жамбыл облысының “Элегант”, Қызылорданың “Дарын” және Атырау облысының “Теңіз жастары” командаларына берілді. Үшінші орын Ақтөбеден “Ақсу”, Қызылорда облысынан “Дәуімбай” және Абай облысынан “Жастық шақ” командаларына бұйырды.
Сонымен қатар “Jaidarman Junior” финалында ерекше көзге түскен “Дәуімбай” командасының қатысушысы Нұрталап Әлимов “Үздік ойыншы” номинациясын иеленді.
“Jaidarman Junior” жобасы жыл сайын мектеп оқушыларына өз ойын еркін жеткізуге, тапқырлық пен бірлікке баулуға мүмкіндік беріп келеді. Биылғы маусым да сол дәстүрдің лайықты жалғасы болды.