Прокуратура органдары кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан қорғау шараларын күшейтіп, жыл басынан бері бизнеске қысым көрсетудің 98 фактісін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Прокуратураның мәліметінше, 92 әкімшілік іс бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылып, жалпы сомасы 18 миллион теңге айыппұл салынған. Мұндай шаралар биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабына енгізілген өзгерістер негізінде жүзеге асырылуда. Жаңа түзетулер кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқандарға жауаптылықты күшейтті және жауапты тұлғалар шеңберін кеңейтті.
Мысалы, Астанада жер қатынастары бөлімінің қызметкері кәсіпкерге өзіне тиесілі нысандарды бұзуды заңсыз тапсырған. Павлодар облысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы әкімдерге несиелеу бағдарламасына қатысушылардан талап етілмейтін құжаттарды сұратуды міндеттепті. Маңғыстау облысында салық инспекторы кәсіпкерді заңсыз түрде ҚҚС тіркеу есебінен шығарып тастады. Ақтөбе облысында жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары келісімшартқа сай жер телімін беруден негізсіз бас тартқан. Ал Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары кәсіпкердің автовокзалын қаладан тыс аумаққа көшіруді талап етті.
Барлық жағдай бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура бизнесті заңсыз араласудан қорғау және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.