Елде су ресурстарын тиімді пайдалану және инфрақұрылымды жаңарту мақсатында жалпы құны 3,1 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы суару кезінде магистральды каналдардағы шығындар 22% болған. Негізгі себептер — арналардың нығыздалмаған түбі, судың булануы, топыраққа сіңуі және арналардың лайлануы. Осыны азайту үшін 2024–2028 жылдарға арналған кешенді даму жоспары іске асырылуда.
Бағдарлама аясында каналдар бетонмен қапталып, жабық құбырлы жүйелер салынады, суды бөлу процесі автоматтандырылады. 2030 жылға дейін 14 мың шақырымнан астам ирригациялық канал жаңғыртылмақ. Ислам даму банкімен бірлескен жоба бойынша 96 каналдың реконструкциясы басталып, 3,5 мың шақырым канал автоматтандырылуда. Ал 2026 жылдан бастап 103, кейін тағы 264 канал жөндеуден өтеді.
Жоспарланған 3,1 трлн теңгенің 1,4 трлн теңгесі республикалық бюджеттен, 367,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен және 1,3 трлн теңге жеке инвестициялардан құралады. Осы қаражат есебінен 42 жаңа су қоймасы салынып, 37-сі қайта жаңартылады. 130 гидротехникалық нысан күрделі жөндеуден өтеді, ал 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.
Саланың тиімділігін арттыру үшін 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі енгізіледі. Жоба Еуразиялық даму банкі мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асып жатыр. 311 млн теңге көлеміндегі гранттық қаржы есебінен әзірленетін жүйе су қорының есебі мен қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік бермек.