homepage
Фото: Juzmedia.kz коллажы

Банктік құпияға қатысты өзгерістер салық мәдениетін арттырады – Бектенов

02.11.2025, 12:12

Премьер-министр Олжас Бектенов банктік құпияны ашу тәртібіне енгізілетін өзгерістерді орынды деп есептейді және олардың енгізілуі елдегі салық мәдениетін жақсартуға ықпал ететініне сенімді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін «Ақ жол» фракциясы банктік құпияны сақтап қалу жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдаған еді. Депутаттар азаматтар мен бизнестің шоттары, қозғалысы және қалдығы туралы ақпаратқа салық органдарына толық әрі тұрақты қолжетімділік беруді көздейтін жобадан алаңдаушылық білдірген.

Олжас Бектенов бұл өзгерістердің қажеттілігін түсіндіріп өтті. Қаржы министрлігі әзірлеген жобада банктер фискалдық органдар сұратқан жағдайда клиенттердің шот нөмірлері, қалдықтары, қаражат қозғалысы мен берілген несиелері туралы ақпаратты ұсынуы тиіс. Бұл талаптар жаңа Салық кодексі мен «Банктер және банктік қызмет туралы» заңда бекітілген.

Бектеновтің айтуынша, құжат қолданыстағы заңнамаға сай әзірленген және бұрынғы бұйрықтардың орнын басып, нормативтік базаны жаңа редакциядағы заңдармен сәйкестендіреді. Сондай-ақ ол фискалдық органдардың жеке деректерді азаматтардың келісімінсіз жинап, өңдеуге құқығы бар екенін атап өтті – бұл Салық және Кеден әкімшілендіру мақсатында рұқсат етіледі.

Сонымен қатар Ұлттық банк қаржылық құпияның сақталуы мен азаматтардың сенімін қорғау шараларын қамтамасыз ететіні айтылды. Премьер-министрдің түсіндіруінше, сот шешімі арқылы ғана рұқсат алу тетігі ақпарат алу мерзімін созып, бюрократияны күшейтіп, көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелуі мүмкін.

Олжас Бектенов халықаралық тәжірибеге де сілтеме жасады. АҚШ, Франция, Германия, Ресей және Қытай сияқты елдерде салық органдары банк деректерін сұрау немесе автоматты түрде алу құқығына ие. «Қаншалықты кең әрі жедел қолжетімділік болса, соншалықты көлеңкелі экономика азаяды және салық тәртібі артады», – деді ол.

Жаңа Салық кодексі мен банктер туралы заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.