homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстан УЕФА клубтық турнирлерінің финалын өткізуге дайын

01.11.2025, 11:21

Қазақстан 2028 және 2029 жылдары УЕФА Конференциялар лигасының финалдарын Астана мен Алматыда өткізуге қызығушылық танытты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

УЕФА дерегінше, барлығы он бес ұлттық қауымдастық клубтық турнирлердің финалдарын өткізуге қызығушылық танытқан. 2028 жылы Чемпиондар лигасының финалын өткізуге Германияның Мюнхен қаласындағы «Арена Мюнхен», ал 2029 жылы Англияның Лондон қаласындағы «Уэмбли» және Испанияның Барселона қаласындағы «Камп Ноу» стадиондары үміткер.

Еуропа лигасы финалына 2028 жылы Франция (Лион немесе Париж), Италия (Турин), Румыния (Бухарест) және Сербия (Белград) үміткер болса, 2029 жылы бұл қатарға Түркияның Анкара қаласы қосылған.

Конференциялар лигасының финалын 2028 жылы өткізуге Франция (Лилль), Венгрия (Будапешт), Италия (Турин), Польша (Гданьск) және Қазақстан (Астана немесе Алматы) мүдделі. 2029 жылы бұл тізімге Финляндия (Хельсинки) қосылады, ал Қазақстан тағы да екі қала нұсқасын сақтап қалды.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасы финалын 2028 жылы Франция, Испания, Швейцария және Түркия, ал 2029 жылы Франция, Ирландия, Швейцария және Уэльс өткізуге ұсыныс білдірген.

Финал өтетін қалалар мен стадиондар 2026 жылдың қыркүйегінде жарияланады.

Теги: