homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Үкімет сирек жер металдарын өндіру мен қайта өңдеу жобаларын қолдауға 1 млрд доллар бөледі

31.10.2025, 16:10

Қазақстан үкіметі сирек жер және стратегиялық материалдарды өндіру мен өңдеу бағытындағы жобаларды қолдау үшін 1 млрд доллар көлемінде қаржы бөлмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа бағдарлама орта және ірі кәсіпорындарға арналған. Оның аясында инвестжобаларға ең төменгі қаржыландыру мөлшері 5 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Қолдау ұлттық және шетел валюталарында — доллар, еуро, юань және басқа түрлерінде 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар ұйымдастыру және шарттарды өзгерту бойынша комиссия алынып тасталып, жеңілдік кезеңі қарастырылады.

Қаржыландыру металлургия және тау-кен-металлургия саласындағы қайта өңдеу өндірістеріне бағытталады. Міндетті талап ретінде инвесторлар JORC халықаралық стандарты бойынша қор көлемін растауы қажет. Бағдарлама аясында лантаноидтар, скандий, иттрий сияқты сирек жер металдарымен қатар, литий, кобальт, вольфрам, германий, галлий және графит сияқты жоғары технологиялар мен «жасыл» энергетикаға қажет материалдар қамтылады.