Қазақстан Еуропалық одақ елдерімен визалық рәсімдерді жеңілдету бағытында келіссөздер бастауға дайындалуда. Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, қазақстандықтар үшін виза алу тәртібін оңайлатуға бағытталған жаңа келісімдерге қол қою жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Биыл 27 наурызда Еуроодаққа мүше елдер Еурокомиссияға Қазақстанмен визалық рәсімдерді жеңілдету туралы келіссөздер жүргізуге мандат берді. Қазір ЕО ішінде ішкі талқылау жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша ресми келіссөздер басталуы мүмкін.
«Визалық режимді жеңілдетудің шарттары мен ықтимал жеңілдіктері тараптар арасында келіссөздер кезінде талқыланады және тек оның аяқталғаннан кейін жария етіледі», – деп нақтылады министрлік.
СІМ дерегінше, бүгінде қазақстандықтар ұлттық төлқұжатпен 42 елге визасыз бара алады. Ал 111 мемлекетке кіру үшін әлі де виза талап етіледі.