homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшылығын нығайтып келеді

31.10.2025, 12:35

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) қазан айындағы есебіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім (ЖІӨ) бойынша сатып алу қабілетінің паритеті (ППС) тұрғысынан Ресейге жақындап, аймақ елдерінен едәуір озып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Болжам бойынша, Қазақстанның ЖІӨ көлемі 300 млрд долларды, ал ППС есебімен 912,6 млрд халықаралық долларды құрайды. Бұл елдегі баға деңгейінің төмендігімен түсіндіріледі: яғни бір доллар ішкі нарықта көбірек тауар мен қызмет сатып алуға мүмкіндік береді. Осылайша, ППС тұрғысынан Қазақстан экономикасы шамамен үш есе ірі көрінеді.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Өзбекстан 137,5 млрд доллар (номиналды) және 473,5 млрд халықаралық доллар (ППС) көрсеткішімен екінші орында. Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан экономикасы аймақтық деңгейде әлдеқайда төмен, олардың ЖІӨ көлемі үш есеге жуық айырмашылықпен қалып отыр. Қазақстан аймақ елдерінің жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын қалыптастырады және өңірдің басты экономикалық орталығы мәртебесін сақтап отыр.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да Қазақстан өз көршілерінен басым. 2025 жылы бұл көрсеткіш 14,7 мың долларды құрап, әлемдік орташа деңгейге теңеседі. Салыстырмалы түрде алғанда, Ресейде 17,4 мың доллар болса, Түрікменстанда – 10,8 мың, Өзбекстанда – 3,6 мың, Қырғызстанда – 2,8 мың, Тәжікстанда – 1,6 мың доллар шамасында болмақ.

ППС бойынша Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 44,8 мың халықаралық долларды құрап, Ресейдің (49 мың) деңгейіне едәуір жақындайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның табыс деңгейі мен ішкі тұтыну қабілетінің артқанын, сондай-ақ экономикалық құрылымының біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.

ХВҚ сарапшыларының пікірінше, Қазақстан алдағы жылдары да тұрақты өсу қарқынын сақтап, жылдық өсімін 2025 жылы 5,9%-ға дейін жеткізеді. Осылайша, ел аймақтың ең серпінді және орнықты экономикасы ретінде өз позициясын бекіте түспек.