homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда экономикаға берілетін несиелер көлемі артып келеді

31.10.2025, 12:09

Қазақстанда банктердің экономикаға бағыттайтын несие портфелі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ranking.kz мәліметінше, соңғы бес жылда несиелеудің орташа жылдық өсімі 22%-ға жеткен. Бұған дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 2,6%-дан аспай, кей жылдары кері төмендеген еді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жылдың тамызындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық несие портфелі 41 трлн теңгеге жуықтады. Бұл жылдың басынан бері 14,1% өсімге тең. Сарапшылар мұны бизнеске берілетін қарыз көлемінің ұлғаюымен байланыстырады.

Банк секторы ішінде ForteBank ерекше көзге түсті — оның несие портфелі жыл басынан бері 54,4% өсіп, 2,9 трлн теңгеге жеткен. Нәтижесінде банктің нарықтағы үлесі 5,3%-дан 7,2%-ға дейін артқан. ForteBank несиелеудің барлық бағытын, соның ішінде корпоративтік секторды да белсенді дамытып келеді. 2024 жылы оның несие портфелінің 62%-ы бизнеске бағытталған, оның ішінде 29,1%-ы шағын және орта кәсіпке, ал 32,9%-ы өзге корпоративтік сегменттерге тиесілі болған.

Банк металлургия, қызмет көрсету, көтерме сауда және көлік саласындағы кәсіпорындарды белсенді қаржыландырды. Сондай-ақ «Даму» қорының бағдарламалары аясында шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары жүргізілді. Қордың жалпы 350,4 млрд теңгелік қаржыландыруының 83 млрд теңгесі — яғни 24%-ы — ForteBank үлесіне тиген. Бұл қаражат шағын компанияларды дамытуға бағытталған.

Несиелеудің өсу қарқыны бойынша екінші орында Freedom Bank тұр — оның несие портфелі 21,3% өсіп, 1 трлн теңгеге жеткен. Одан кейін Kaspi Bank (өсім 19,6%, 7,2 трлн теңге), Bank RBK (өсім 18,8%, 1,3 трлн теңге) және Банк ЦентрКредит (өсім 11,8%, 4,5 трлн теңге) кіреді.

Қазір елде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, олардың 15-інде шетелдік қатысу бар, соның ішінде 10-ы — еншілес банктер. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары банктік несиелеу жаңа белеске шықты. Қаржы институттары өзгермелі экономикалық жағдайға бейімделіп, бизнесті, әсіресе шағын және орта секторды қолдауды кеңейтіп келеді.

Мамандардың айтуынша, несиелеудің тұрақты өсуі — қаржы жүйесіне деген сенімнің қалпына келе бастағанының және Қазақстан экономикасының орнықты дамуының айқын көрсеткіші.