homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Еңбек министрлігі азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтіндерді бақылауға алды

31.10.2025, 11:12

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық-құқықтық шарттармен (ГПХ) жұмыс істейтін азаматтардың қызметін бақылауға алатынын мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

HR Enbek порталында жаңа «ГПХ шарттары» бөлімі іске қосылды. Министрлік мұны жұмыс берушілер мен мердігерлерге келісімшарттарды тіркеуді жеңілдету үшін енгізілген деп түсіндірді.

Алайда кәсіпкерлер бұл қадамды бизнеске қосымша бақылау деп қабылдап, кейбірі еңбек инспекцияларынан «ГПХ келісімдерін енгізу қажет» деген хабарламалар алған. Ведомство мұндай талаптың міндетті емес екенін және жаңа функция тек ыңғайлы құрал ретінде жасалғанын мәлімдеді.

Сарапшылар бұл бастама көлеңкелі еңбек қатынастарын анықтауға және салық пен әлеуметтік төлемдердің толық жиналуына ықпал етуі мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, азаматтық-құқықтық шарт тек уақытша қызметтерге арналған, ал егер адам тұрақты жұмыс істесе және еңбек шартының белгілері бар болса, онда ол толыққанды еңбек қатынасы ретінде рәсімделуі тиіс.

Министрліктің түсіндіруінше, жаңа жүйе жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қорларға түсетін төлемдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.