Қазақстанда соңғы бес жылда барлық коммуналдық қызмет түрлері қымбаттады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2025 жылғы 16 қазанда елімізде тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін уақытша тоқтатылған болатын. Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баға өсуі бәрібір жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тарифтерді толық ұстап тұру инфрақұрылымның одан әрі тозуына алып келеді.
«Негізгі өсім биыл болды. Біз келесі жылдың сәуірінен бастап бәрін бірден көтереміз демейміз. Ереже бар: жылу мен ыстық су тарифін тек жазда көтеру керек. Ал кәріз қызметінің қымбаттауы инфляцияға елеулі әсер етпейді, оның үлесі аз», – деді министр.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021–2025 жылдар аралығында негізгі коммуналдық қызметтердің бәрі айтарлықтай қымбаттаған.
Ең жоғары өсім суық су тарифінде байқалды – оның орташа бағасы 2025 жылдың қыркүйегінде 174,6 теңгеге жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 2,5 есе көп (ол кезде 71 теңге болған).
Ыстық су бағасы бес жылда 1,9 есеге артқан: 2021 жылы 252 теңге болса, 2025 жылы 480 теңгеге жеткен. Ең үлкен өсім 2023 жылы тіркелді – бір жылда тариф 40%-ға көтерілді.
Электр энергиясы да 1,8 есеге қымбаттаған: электр плитасын пайдаланушылар үшін төменгі тариф 1,4 мың теңгеден 2,6 мың теңгеге, жоғарғысы 2,3 мыңнан 4,2 мың теңгеге дейін өскен. Газ қолданушылар үшін де жағдай ұқсас – өсім шамамен 1,7 есе.
Жылыту қызметі 1,7 есеге артқан: 2021 жылы 3,5 мың теңге болған тариф 2025 жылы 6,1 мың теңгеге жеткен. Ең жоғары өсім 2023–2024 жылдары байқалған – тиісінше 21% және 30%.
Табиғи газ бағасы 1,6 есеге көтерілген (26,4 теңгеден 42,4 теңгеге дейін), ал сұйытылған газ 30%-ға қымбаттаған (162 теңгеден 210 теңгеге дейін).
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов бұған дейін Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары аясындағы шаралар уақытша сипатта екенін айтқан болатын.