homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

2026 жылдан бастап Қазақстанда салық жүйесі жаңартылады

31.10.2025, 09:06

Қазақстанда 2026 жылдан бастап салық жүйесі түбегейлі жеңілдетіледі. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Нұрлыбек Успановтың айтуынша, негізгі мақсат – есептілікті қысқартып, салық төлеуді барынша автоматтандыру, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Реформа аясында арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үшеуге дейін қысқарады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, айына 300 АЕК-ке дейін табыс таба алады. Олар 4% мөлшерінде бірыңғай салық төлейді, оған барлық міндетті төлемдер кіреді және есеп тапсыру қажет болмайды. Төлемді мобильді қосымша арқылы жасауға болады. Шағын және орта бизнес үшін айналым лимиті жылына 600 мың АЕК, мөлшерлеме 4% болып бекітілген. Шаруа қожалықтар жеке режимде қалады.

Есептілік көлемі де айтарлықтай азаяды: 39 салық формасының 12-сі жойылады, кейбірі біріктіріледі. Жаңа жүйе төлеушілерге автоматты түрде салық сомасы мен төлеу мерзімін көрсетеді. Егер есеп уақытында тапсырылмаса, ол нөлдік деп есептеледі және кейін түзету енгізуге мүмкіндік беріледі.

Кәсіпорындардың табыс салығы (КПН) бұрынғыдай 20% деңгейінде қалады. Ауыл шаруашылығы саласы үшін 3%, әлеуметтік сала үшін 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10% жеңілдік мөлшерлемесі енгізіледі. Банктер мен ойын бизнесі 25% төлейді. Жеке табыс салығы (ЖТС) прогрессивті жүйеге өтеді – табыс көлеміне қарай 10% және 15%. Сонымен қатар базалық шегерім 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

НДС 16%-ке дейін өседі, бірақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін төмендетілген 5% сақталады. Міндетті НДС тіркеу шегі 10 мың АЕК немесе шамамен 43,2 млн теңге болады. Ал жоспарлы тексерулердің орнына тәуекелдерді басқару жүйесі ескерту және алдын алу сипатында жұмыс істейді – салықшылар енді бұзушылық емес, тек сәйкессіздік туралы хабарлама жібереді.

Келер жылдан бастап акциздер де өзгереді: алкоголь мен темекіге салынатын салық жыл сайын 10%-ке өседі. Энергетикалық сусындарға литріне 100 теңге көлемінде жаңа акциз енгізіледі. Ескі көліктерге салық азаяды – 20 жылдан асқан көліктерге 50%, 10 жылдан асқан көліктерге 30% жеңілдік беріледі. Егер мүлік салығы бойынша төлем 300 АЕК-тен аспаса, ағымдағы төлем есебі тапсырылмайды, декларация тек жыл соңында беріледі.

Реформа салық жүйесін қағазбастылықтан арылтып, азаматтар мен бизнестің уақытын үнемдеуді көздейді.