АҚШ пен Қытай басшылары Корея Республикасының Бусан қаласында өткен саммит барысында сауда дауы мен тарифтер жөнінде уақытша келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Дональд Трамп кездесуді «керемет әрі пайдалы кездесу» деп атап, екі ел арасындағы сауда шиеленісін бәсеңдетуге бағытталған алғашқы қадам жасалғанын айтты. Оның айтуынша, тараптар Қытайдың сирек жер элементтеріне экспорттық шектеулерді бір жылға тоқтата тұру және АҚШ тарапынан енгізілген бірқатар тарифтерді төмендету туралы уағдаласты.
Reuters дерегінше, келісім толыққанды мәміле емес, «тактикалық тыныштық» деп сипатталып отыр. Сарапшылардың пікірінше, негізгі түйткілдер — технологиялық бәсеке, өндіріс саясаты және Тайвань мәселесі — ашық күйінде қалды.
Кездесуден кейін нарықтарда оң реакция байқалды. Инвесторлар екі ел арасындағы сауда кернеуінің бәсеңдеуі жаһандық жеткізу тізбектеріне оң әсер етеді деп болжауда. Алайда сарапшылар тараптар арасындағы сенім толық қалпына келген жоқ, ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін нақты қадамдар қажет екенін айтады.