homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

2026 жылдан бастап кәсіпкерлер үшін ҚҚС тіркеу тәртібі өзгереді

30.10.2025, 15:40

Қазақстанда келесі жылдан бастап айналымы 43 миллион теңгеден асқан кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығы бойынша жаңа ережелер енгізіледі деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Еділ Әзімшайықтың айтуынша, жаңашылдықтың басты мақсаты – салық жүйесін жеңілдетіп, көлеңкелі айналымды азайту.

Жаңа тәртіп бойынша ҚҚС есебіне қоюдың үш түрі қарастырылған: ерікті, міндетті және шартты. Міндетті тіркеу – айналымы 10 мың АЕК-тен (шамамен 43 млн теңге) асқан кәсіпкерлерге қатысты. Олар шекті айналымнан асқан соң бес жұмыс күні ішінде өтініш беруге міндетті. Егер кәсіпкер ірі мәміле (мысалы, 50 млн теңгеге келісімшарт) жасайтын болса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмей тұрып келісімді жүзеге асыра алмайды.

Шартты тіркеу Қазақстан аумағында интернет арқылы қызмет көрсететін шетелдік компанияларға қолданылады. Apple мен OpenAI секілді ірі платформалар қазірдің өзінде Қазақстанда салық төлеуші ретінде тіркелген. Мұндай компаниялар қазақстандық сатып алушылардан алғашқы төлем түскен күннен бастап ҚҚС төлеуге міндетті.

Комитет сондай-ақ айыппұл салудың орнына жаңа тетік енгізуді жоспарлап отыр: егер кәсіпкер салық есебін уақытында тапсырмаса, электронды шот-фактура жазу құқығы уақытша тоқтатылады. Бұзушылық жойылғаннан кейін бұл мүмкіндік қайта қалпына келтіріледі.

Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйе бизнесті әкімшілік қысымнан босатып, салық тәртібін айқын әрі әділ етуге бағытталғанын атап өтті.