Қазақстанда шетелдік интернет-дүкендер енді НДС (қосылған құн салығын) төлемей жұмыс істей алмайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еділ Әзімшайықтың айтуынша, енді қазақстандық сатып алушылар емес, шетелдік сауда платформаларының өздері салық төлеуге тиіс. Ол үшін олар Қазақстанда шартты түрде тіркеліп, арнайы реестрге енуі қажет.
«Тіркелген компаниялар қазақстандық азаматтардың онлайн-сатып алуынан түскен табысқа ай сайын салық төлеп отырады», – деді ол.
Комитет өкілі бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Егер шетелдік маркетплейс тіркелуден бас тартса, оның интернет-ресурсына Қазақстан аумағынан кіруге шектеу қойылады. Бұған қоса, бұзушылықтар Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің деректері арқылы анықталады.
2026 жылдан бастап мұндай компаниялар үшін де ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Сол жылы жаңа Салық кодексі күшіне еніп, ҚҚС тіркеу шегі екі есе төмендейді – 20 мың айлық есептік көрсеткіштен 10 мыңға дейін.
Бұл өзгерістердің нәтижесінде мыңдаған жаңа салық төлеуші пайда болмақ, ал мемлекет онлайн-сауданы бақылауды күшейтуді көздеп отыр.