homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда ауыл шаруашылығында маман жетіспейді

30.10.2025, 14:19

Елде ауыл шаруашылығы саласында шамамен 6,5 мың маман тапшы, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS сайтына сілтеме жасап. Сенатор Ернұр Айткенов аграрлық саладағы кадр тапшылығы мен мамандар даярлығының төмен сапасы туралы айтты.

Оның айтуынша, қажетті мамандардың жартысынан көбі жоғары білікті қызметкерлер. Ал фермерлік шаруашылықтарда еңбек ететіндердің небәрі 28 пайызы ғана салалық білімге ие. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін және саланың тұрақтылығын төмендетіп отыр. Ең қат мамандар — агрономдар, ветеринарлар, инженерлер мен өнім өңдеу саласының мамандары.

Айткенов жастардың ауылдан кетуі, төмен жалақы мен мансаптық өсудің шектеулі мүмкіндігі жағдайды одан әрі қиындататынын атап өтті.

Сенатор аграрлық кадрларға деген нақты сұранысты анықтау үшін кешенді мониторинг жүргізіп, білім беру бағдарламаларын соған сай жаңартуды ұсынды. Сондай-ақ ол агротехнология, цифрландыру және инновация бағытында мамандар даярлауды күшейтіп, дуальды оқыту мен өндірістік тәжірибелерді кеңейтуді, түлектердің жұмыспен қамтылуын бақылайтын бірыңғай цифрлық платформа құруды және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын тұрақты кадрлық қолдау тетігіне айналдыруды ұсынды.

Айткеновтің айтуынша, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мен тұрғын үй тапшылығы жастардың ауылда қалуына кедергі болып отыр. 2024 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген тұрғын үй несиесін мамандардың тек үштен бірі ғана алған, ал бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі үштен бірге қысқарған.

Сенатордың пікірінше, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау ауылда кадр тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты факторы болып қала береді.