homepage
Фото: Juzmedia.kz

Алматыда түркі елдері арасында Жайдарман ойыны өтті

30.10.2025, 13:27

29 қазан күні Алматыдағы Республика сарайында өткен «TurkiCUP» халықаралық Жайдарман жобасы көрермен көңілінен шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл ойын «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы» жобасы аясында, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жоба түркітілдес елдердің достығын нығайтып, жастар арасындағы мәдени және шығармашылық байланысты арттыруды көздейді. Сайысқа Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан командалары қатысты.

Қазылар алқасының құрамында актер және вайнер Тоқтарбек Серғазы, тележурналист Руслан Өтепбай, әлем чемпионы Алуа Балқыбекова, әнші Қанай және ҚР Футзал федерациясының президенті Нұрсұлтан Құрман болды.

Нәтижесінде І орынды Рудный құрамасы (Қазақстан) иеленді. Қырғызстанның Ош пен Бішкектен келген Лидер және Торнадо командалары ІІ орын алды. Ал Түркия құрамасы ІІІ орынға тұрақтады.

Жеңімпаздарға қаржылай жүлде табысталды: бірінші орынға – 1,5 млн теңге, екінші орынға – 1 млн теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге.

Республика сарайын толтырған көрермендер әсерлі әзіл мен түркі бірлігінің рухын сезінді. «TurkiCUP» жобасы түркі елдері арасындағы мәдени байланыс пен бауырластықты Жайдарман арқылы паш еткен маңызды қадам болды.