Қазақстанда интернет-алаяқтық істері тағы да күрт көбейді. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Бірыңғай тергеу тізіліміне интернет арқылы жасалған 20,4 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26,3 пайызға көп деп хабарлайды Juzmedia.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір интернет арқылы жасалатын қылмыстар Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркелген істердің жартысынан астамын құрайды. Жалпы осы бап бойынша тіркелген барлық істер саны үш тоқсанда 36,1 мың болған, өсім – бар болғаны 3,6 пайыз.
Аймақтық тұрғыда ең көп интернет-алаяқтық фактілері Астана мен Алматыда, сондай-ақ Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелген. Бұл төрт өңірдің үлесіне барлық жағдайдың 44,5 пайызы немесе 9,1 мың іс тиесілі. Ең төмен көрсеткіш – Ұлытау (207 іс) және Маңғыстау (289 іс) облыстарында. Сарапшылар мұндай күрт өсім соңғы рет 2021 жылы болғанын айтады: ол кезде өсім 51,2 пайызды құраған (2020 жылы – 82,2%).
Алаяқтық істерін ашу көрсеткіші ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында интернет-алаяқтық істерінің 42,8 пайызы ғана ашылған. Көп жағдайда кінәлілерді анықтау мүмкін болмайды, себебі мұндай қылмыстар қашықтан жасалып, цифрлық із тез жойылады. Бұрын 70 пайыздан астам іс айыпталушы табылмағандықтан тоқтатылса, биыл бұл көрсеткіш 53,9 пайызға төмендеген.
Ең кең таралған түрі – банктен келгендей болып хабарласу. Қаскөйлер азаматтарға «ақшаңыз қауіпте, оны қауіпсіз шотқа аудару керек» деген сылтаумен алдап, қаражаттарын иемденеді. Биыл осындай 5 мыңға жуық іс тіркелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп. Екінші орында – жалған онлайн жарнамалар мен қызмет ұсыныстары: 4,4 мың жағдай (өсім 8,3%). Үшінші орында – онлайн несиелер арқылы жасалған алаяқтықтар, олардың саны 4 мың жағдайға жетіп, 50,7 пайызға артқан.
Криптовалюта және қаржы пирамидаларына қатысты істер де аз емес – тиісінше 425 және 1,2 мың жағдай тіркелген. 2024 жылдың шілдесінде Ұлттық банк жанынан Антифрод орталығы құрылған болатын. Оның көмегімен соңғы он айда 60 мыңнан астам заңсыз операция анықталып, 2,5 млрд теңгеден астам залалдың алдын алу мүмкін болған.
Барлық алаяқтық түрлерінен келген жалпы шығын 2025 жылдың тоғыз айында 116,9 млрд теңгеге жеткен. Соның ішінде интернет-алаяқтықтың үлесі 8,3 млрд теңге. Ал зардап шеккен азаматтардың ақшасын қайтару қиын: қазір шығынның 37,1 пайызы ғана өндірілген, бұрын бұл көрсеткіш 18–19 пайыз деңгейінде болған.
Бұл мәселе Мәжілістегі Үкімет сағатында да көтерілді. Комитет төрайымы Снежанна Имашева алаяқтардың тәсілдері мемлекеттің қарсы шараларынан жылдам өзгеріп жатқанын айтты. Депутаттар басты қауіп ретінде төмен цифрлық сауаттылықты, жеке деректердің қорғалмауын және банктік жүйелердің осалдығын атады.
Депутат Мұрат Әбенов банктердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты:
«Егер зардап шегуші ретінде азаматтарды емес, банктерді қарастырсақ, олар мұндай жағдайларға басқаша қарайтын еді. Бір сағаттың ішінде бір адамға бес банк жеті несие берген жағдайды талдадық. Кейін анықталды – сол несиелерді рәсімдеген менеджерлер өз карталарына 2 пайыз сыйақы алған», – деді ол.