homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Израиль Газада атысты тоқтату режимін қайта енгізгенін мәлімдеді

30.10.2025, 10:32

Түнгі әуе шабуылдарынан кейін Израиль әскері Газадағы бітімнің қайта күшіне енгенін жариялады. Палестиналық дереккөздер 104 адамның, соның ішінде 46 баланың қаза тапқанын хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Израиль тарапы соққылардың себебін ХАМАС-тың бітімді бұзуы және израильдік сарбаздың қазасына жауап ретінде «террор нысандарына» соққы беру қажеттілігімен түсіндірді. Әскерилер ондаған нысана атқыланғанын және қатарында «30 командир» бар ХАМАС мүшелері көзделгенін айтты. ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарып, бітімді өздері сақтап отырғанын мәлімдеді. 

Қаза тапқандар мен жараланғандар саны жөніндегі мәліметтерді Газадағы азаматтық қорғаныс пен денсаулық сақтау құрылымдары келтірді: кемінде 104 адам қаза тауып, 253 адам жараланған. Бұған дейінгі соққылардың бір бөлігі босқындар тұратын орындар мен тұрғын секторларға түскені айтылды. Израиль әскері құрбандардың бір бөлігі қарулы топтар өкілдері болғанын алға тартса, тәуелсіз растаулар әзірге толық жоқ. 

Халықаралық арағайындар, оның ішінде АҚШ пен Катар, бітімнің мүлдем күйреуінен сақтандырып, тараптарды келісімді сақтауға шақырды. Бір күн бұрынғы соққылар бітім жарияланған 10 қазаннан бергі ең ауыр эскалация ретінде сипатталды.