Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутали азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау мен сату мәселесі әлі де өзекті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, банктік карталармен, онлайн қызметтермен және несиелермен байланысты алаяқтық көбейіп, мемлекеттік органдардың шаралары оң нәтиже бермей отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутат Үкіметке жеке деректерді қорғауға бағытталған нақты шаралар қабылдап, ақпараттың таралуы үшін жазаны халықаралық тәжірибеге сай күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік IT жүйелердің осал тұстарын тексеріп, қорғаныс жоспарын жасауды ұсынды.
Оның айтуынша, қазіргі заңдағы айыппұлдар тиімді емес, себебі ірі компаниялар үшін бұл сомалар шамалы. «Көп жағдайда олар айыппұл төлеп, мәселені сол күйі қалдырады», – деді ол.
2025 жылы елде интернет арқылы жасалған алаяқтықтың 14 мыңнан астам дерегі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Залал көлемі 6 млрд теңгеден асты. Ал 2024 жылы 22,9 мың іс қозғалғанымен, көпшілігі қылмыскерлер табылмағандықтан тоқтатылған.
Муталидің сөзінше, халықаралық тәжірибе әлдеқайда қатаң. Мысалы, Еуроодақта жеке деректердің таралуы үшін айыппұл көлемі 20 млн еуроға немесе компания табысының 4%-ына дейін жетеді. Қытайда — 50 млн юань (3,7 млрд теңге), ал Аустралияда — 50 млн доллар немесе табыстың 30%-ына дейін.
Депутат мұндай тәсіл ғана компанияларды тәртіпке шақырып, жаңа заңбұзушылықтың алдын алады деп есептейді.