Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада көлік кептелісін азайту мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмыс кестесі өзгергенін айтты – деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Барлық мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 8-де басталады. Бұл процесс біртіндеп енгізіліп жатыр, сондықтан нәтижесін көру үшін уақыт керек. Кептелістер бір күнде шешілмейді», – деді әкім.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жаңа график 1 қазаннан бастап күшіне енген. Сонымен қатар қалада қоғамдық көлік жүйесін кеңейту және жолдарды қайта жоспарлау бағытында бірқатар шаралар қолға алынды .Автобус паркі 700-ден 900-ге дейін ұлғайған, ал келесі жылы тағы 400 автобус қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қалада жаңа жол учаскелері салынып жатыр. Оның ішінде Алматы көшесінің жалғасы да бар, ол орталық пен шеткі аймақтарды байланыстыруға мүмкіндік береді.
Қала басшысы жүргізіліп жатқан шаралардың алғашқы нәтижесін бағалау үшін біраз уақыт қажет екенін атап өтті.
«Қазір жаздағы жағдаймен салыстыру дұрыс емес, өйткені бұл кезеңде көлік жүктемесі әдетте артады», – деді ол.
Әкімдік мәліметінше, жол қозғалысын оңтайландыру мақсатында мемлекеттік ұйымдардың жаңа жұмыс кестесіне көшуі мен қоғамдық көлікті дамыту негізгі басымдық ретінде белгіленгенді.