Мәжіліс Ресеймен мұнай өнімдері саудасына қатысты келісімді қайта жандандыру жөніндегі хаттаманы қарауға алды. Құжат Қазақстанға Ресейден мұнай және мұнай өнімдерін баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік береді – деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойылған. Құжат 2010 жылы бекітілген екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қайта күшіне енуін көздейді. Енді Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін кедендік бажсыз әкеліп, ішкі нарықты тұрақты отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім қысқа мерзімде нарықтағы жанармай бағасын тұрақтандыруға сеп болуы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде Ресейге тәуелділікті арттыру қаупі бар. Энергетика саласындағы кей мамандар ішкі мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесіне және отандық өндірістің үлесіне әсерін де ескеру қажет деп санайды.
Келісім бойынша, Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері мұнай өнімдерінің индикативті балансын өзара келісіп отырады. Құжаттың мерзімі 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылмақ.