Қазақстан Орталық Азиядағы басты инвестициялық бағыт мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы БҰҰ Сауда және даму конференциясы (ЮНКТАД) тіркеген теңізге шыға алмайтын елдердегі бес greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанда іске асты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елге келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 17,2 млрд долларды құрап, 45 жаңа жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 6 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Инвестицияның басым бөлігі тау-кен өндірісіне (6,5 млрд доллар), өңдеу өнеркәсібіне (2,8 млрд доллар), саудаға (5,3 млрд доллар) және ғылыми қызметтерге (0,9 млрд доллар) бағытталды.
Негізгі инвесторлар қатарында Ресей (4,1 млрд доллар), Нидерланд (3,8 млрд доллар), Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай бар — әрқайсысының үлесі шамамен 1,2 млрд доллар. 2025 жылдың алғашқы жартысында тікелей инвестиция көлемі тағы 1,1%-ға өсіп, 10,1 млрд долларға жетті.
Үкімет инвестиция тарту, бизнесті дамыту және экономиканы монополиясыздандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырды.