homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан пәтер жалдау нарығын заңдастырмақ. Баға өсе ме?

29.10.2025, 10:30

Қаржы министрлігі тұрғын үйді заңсыз жалға берушілерді анықтау жүйесін іске қоспақ. Бұл бастама елдегі көлеңкелі жалға беру нарығын азайтуға бағытталған – деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының төрағасы Ермек Мүсреповтің айтуынша, елдегі пәтер жалдау мәмілелерінің 60–70%-ы салық төлемей, ресми келісімсіз жүргізіледі. Мұндай жағдай әсіресе Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жиі кездеседі.

Оның пікірінше, Қаржы министрлігінің бастамасы дұрыс бағытта қолға алынған. Бірақ ол бұл шара тым қатаң немесе бюрократиялық сипат алса, жалға берушілердің көбі одан сайын «көлеңкеге» кетуі мүмкін екенін ескертті.

«Егер жаңа жүйе ИП тіркемей, табыстың 2–3%-ы көлемінде қарапайым салық төлеуге мүмкіндік берсе, нарық біртіндеп ашық сипат ала бастайды», – деді Мүсрепов.

Қысқа мерзімде пәтер бағасының аздап өсуі мүмкін, себебі иелер салық жүктемесін жалдау ақысына қосуға тырысады. Алайда ұзақ мерзімде нарық тұрақты әрі ашық болмақ. Мүсреповтің айтуынша, мәмілелердің заңдастырылуы пәтер иелері мен жалға алушылардың құқықтарын қорғауға және күмәнді тұлғалардың тұрғын үйге орналасу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.

Сарапшы реформаның тиімді болуы үшін түсіндіру жұмыстары мен жеңілдетілген салық тәртібі қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, «жақсы ниетпен басталған шара керісінше нарықты одан әрі көлеңкеге итермелеуі мүмкін» деді ол.