homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Инфляция, теңге және мұнай: үш жылдағы экономикалық тепе-теңдік қалай өзгерді

29.10.2025, 10:07

Ұлттық банк қазан айында базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерді. Бұл шешім баға өсімін тежеу және инфляциялық қысымды төмендету мақсатында қабылданған – деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2022 жылдың үшінші тоқсанынан 2025 жылдың қазан айына дейін теңге долларға шаққанда шамамен 12,8%-ға әлсіреп, 475,42 теңгеден 535,36 теңгеге дейін төмендеді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында доллардың орташа бағамы 536,05 теңге болды.

Инфляция үш жыл бұрын 2022 жылдың соңында 19,6%-ға дейін жеткен еді. 2023 жылы баға өсімі біртіндеп баяулап, жылдың соңында 10,3%-ға дейін түсті. 2024 жылы көрсеткіш 8,5% деңгейінде сақталды. Ал 2025 жылы қайта жеделдеп, үшінші тоқсанда 12,3%-ға жетті.

Базалық мөлшерлеме 2022 жылы 14,5% болса, 2023 жылы 16,75%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы сәл төмендеп, 14,5–15,25% аралығында болды. Алайда 2025 жылы қайта өсті – қазан айының соңында 18%-ға жетті.

Мұнай бағасы да айтарлықтай төмендеді: Brent маркалы мұнай 2022 жылы баррельіне $92,81 болса, 2025 жылдың қазанында $65,84 деңгейіне түсті. Бұл үш жылда 1,4 есе арзандағанын көрсетеді.

Экономистердің пікірінше, теңгенің әлсіреуі мен мұнай бағасының құлдырауы баға тұрақтылығына қысым көрсетіп отыр. Дегенмен, Ұлттық банк пен үкіметтің қазіргі саясаты инфляцияны біртіндеп бақылауға алу бағытына бағытталған.