Ресей Өскемен мен Семей қалаларында салынып жатқан жылу электр станцияларының жобаларын қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін сақтап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов LS-ке берген сұхбатында айтты – деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр және қаржыландырудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Соның ішінде компанияның өз қаражаты мен мемлекетаралық келісім бойынша ұсынылған ресейлік қаржы бар. «Қазір біз Ресеймен бірге қаржыландырудың соңғы шарттарын пысықтап жатырмыз, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Қаржыландыру көзі анықталған соң, біз мердігерлерді таңдау жұмысына кірісеміз. Бұл процеске ресейлік тарап та, сондай-ақ жылу станцияларын салу тәжірибесі бар халықаралық компаниялар да қатыса алады», – деді Қайрат Мақсұтов.
Қайрат Мақсұтов Ресейдің бұл жобаларға қатысу мүмкіндігі әлі де бар екенін растады, бірақ түпкілікті шешім қабылданбағанын атап өтті. Сондай-ақ ол Өскемен мен Семей ЖЭО құрылысының 2029 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан үкіметі екі жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, ресейлік «Интер РАО» компаниясы жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру ала алмағандықтан, Қазақстан жобаларды өз күшімен жүзеге асыруы мүмкін. Салалық сарапшы Жақып Хайрушев те Қазақстанның ресейлік серіктестерсіз үш ЖЭО жобасын өз қаржысы есебінен атқара алатынын айтты.