homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда экологиялық қылмыстар азайғанымен, заңбұзушылар саны артқан

28.10.2025, 16:40

Биыл Қазақстанда экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтар 16%-ға азайғанымен, оларға қатысы бар адамдар саны көбейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS.kz-сайтын сілтеме жасап.

Қаңтар–қыркүйек айларында ел бойынша 328 экологиялық қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылғы 390 жағдаймен салыстырғанда 15,9%-ға төмен. Ең жиі тіркелген құқықбұзушылық — сирек және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктерге қатысты заңсыз әрекеттер (99 іс, былтырдан 32,7%-ға аз). Сондай-ақ заңсыз балық аулау (93 іс) мен ағаш кесу және орманды бүлдіру (55 іс) жиі анықталды.

Сонымен қатар, экологиялық қылмыс жасаған адамдардың саны өсті. Тоғыз ай ішінде 282 адам жауапқа тартылып, бұл көрсеткіш бір жылда 16,5%-ға артқан. Ал әкімшілік деңгейде 54,3 мың экологиялық құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,1%-ға азайды. Көбіне көліктердің шығарындыларының нормадан асуы (19,1 мың жағдай), заңсыз балық аулау (10,1 мың) және аңшылық ережелерін бұзу (7,4 мың) тіркелді.

Жалпы 52,4 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 31,1 мыңы айыппұл төлеген, 21,3 мыңы ескерту алды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 14,4 млрд теңге болса, оның 5 млрд теңгесі өндірілді. Сонымен бірге, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар 3,9 есе өсіп, биылғы тоғыз айда 100,8 млрд теңгеге жетті. Ең көп қаражат Ақтөбе облысына — 81,5 млрд теңге бөлінді.