homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Финляндия мен Қазақстан қарым-қатынасы қай бағытта дамып жатыр?

28.10.2025, 16:13

Финляндия президенті Александр Стубб Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келеді. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелерді талқылайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Финляндия басшысының Қазақстанға сапары соңғы рет 2017 жылы болған. Ол кезде елге Саули Ниинистё жұмыс сапарымен келген. Ал Финляндия президентінің ресми сапары бұған дейін 2013 жылы өтті.

Сауда қатынастары тұрғысынан екі ел арасындағы көрсеткіштер әркелкі. Биыл қаңтар–тамыз айларында Қазақстаннан Финляндияға экспорт көлемі физикалық тұрғыдан 15,6 мың тоннаға дейін өсіп, шамамен үштен бірге артты. Бірақ қаржылай мәнде 1,5 есе азайып, $5,1 млн құрады.

Қазақстан негізінен Финляндияға күкірт (15 мың тонна) экспорттады. Бұл өнім өткен жылы жеткізілмеген болатын. Сондай-ақ биылғы тізімде металл торлар мен қоршаулар, бұрау кілттері, динамиктер, өлшеу аспаптарына арналған электродтар мен зондтар бар. Бұған қоса ферроқорытпа, диод, транзистор, кронштейн және сульфат жеткізу көлемі де айтарлықтай артты.

Керісінше, автокөлік бөлшектерінің экспорты үш есеге қысқарып, 19 тонна болды.

Импорт бойынша да төмендеу байқалады. Финляндиядан келген тауар көлемі 14,6%-ға азайып, 9,9 мың тонна, ал құны $84,4 млн-ға дейін (–31%) түскен. Қозғалтқыштар мен энергетикалық қондырғылар, қағаз және полимерлі бояулар сатып алу азайғанымен, басқа бағыттарда өсім бар.

Мәселен, Финляндиядан әкелінген май мен ірімшік 1,5 есеге көбейіп, 108 тоннаға жеткен, ал арақ импорты 36%-ға өсіп, 57,5 мың литр таза спиртке тең болған. Сондай-ақ фармацевтикалық өнім, аяқ киім, жеңіл көлік және өндірістік техника жеткізу артты.

Айта кетейік, бұған дейін Астанаға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те келген еді.