homepage
Фото: Артем Житенов

Қазақстан “Лукойлдың” елдегі активтерін сату мәселесін талқылап жатыр

28.10.2025, 14:32

Энергетика министрлігі шетелдік мемлекеттік органдармен бірлесіп “Лукойлдың” Қазақстандағы активтерін сату мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Санжар Жаркешов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бұл мәселені қазір Сыртқы істер министрлігі пысықтап жатыр. Әзірге нақты ештеңе айту ерте, бірақ жуық арада жаңалықтар болуы мүмкін. Үлкен жұмыс жүргізілуде», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, талқылау ресейлік компаниямен емес, мемлекеттік органдар деңгейінде жүріп жатыр.

«Ішкі ведомствоаралық деңгейде талқылануда. Энергетика министрлігі мен СІМ басқа елдердің тиісті мемлекеттік органдарымен жұмыс істеп жатыр», – деді Жаркешов. Сондай-ақ ол активтерді кім сатып алатыны әзірге белгісіз екенін айтты. «Бұл сұрақты қою әлі ерте. “Лукойл” – “ҚазМұнайГаздың” серіктесі. Иә, олардың өз ішкі міндеттері бар. Бірақ үлесті сатып алу мәселесімен Энергетика министрлігі әзірге айналысып жатқан жоқ», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 27 қазанда “Лукойл” кейбір елдердің компанияға қарсы шектеу шаралары енгізуіне байланысты халықаралық активтерін сатуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазір әлеуетті сатып алушылардың өтінімдері қарастырылуда. Еске салсақ, 2024 жылдың сәуірінде ресейлік компания Kalamkas-Khazar Operating компаниясындағы 50% үлесті 200 миллион долларға сатып алған болатын.