homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Жасанды интеллект Қазақстан энергетикасынан 45 миллиард теңге үнемдемек

28.10.2025, 12:39

Энергетика министрі Ерлан Аккенженовтің мәліметінше, Қазақстанда энергетика саласында жұмыс істейтін ірі халықаралық және отандық IT компанияларды біріктіретін AI альянс құрылды. Оның мақсаты – жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу арқылы энергия жүйесінің тиімділігін арттыру деп хабарлайды Juzmedia.kz LS.kz-ке  сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, биыл екі жасанды интеллект жобасы сәтті сынақтан өтті. Біріншісі – дрондар мен жасанды интеллект арқылы әуе желілерін автоматты ақау анықтау жүйесі. Бұл шешімнің арқасында шығындарды азайту есебінен 2,5 миллиард теңге экономикалық тиімділік күтіліп отыр. Екіншісі – роботтандырылған кешен мен жасанды интеллект көмегімен жылу желілерін ішкі тексеру жүйесі. Оның тиімділігі 42 миллиард теңгеге бағаланды.

Қазір екі жоба да нормативтік бекіту және кең ауқымда енгізу кезеңінде тұр. Сонымен қатар, министр алдағы үш жылда 27 энергиямен жабдықтау субъектісінде 4 миллион «ақылды» есептегіш орнатылатынын, бұл өз кезегінде электр энергиясының нормативтік шығынын азайту арқылы 57 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Биылдың өзінде энергетика секторында жеті цифрлық сервис іске қосылған, олардың екеуі – күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бақылау және шекті тарифті бекітуге арналды.

Ерлан Әккенженовтің сөзінше, келесі кезең – қағаз журналдардан толық бас тартып, цифрлық ақау реестрлеріне көшу. Бұл тәсіл жөндеу мерзімдерін нақты бақылауға, мониторинг уақытын 90 күнге дейін қысқартуға және апат қаупін 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.