Халықаралық валюта қорының аймақтық экономикалық шолуы бойынша, 2025 жылы Қазақстан Орталық Азиядағы ең жоғары өсім қарқынын сақтап қалмақ. Елдің ішкі жалпы өнімі 5,9 пайызға артып, бұл көрсеткіш әлемдік орташа өсімнен 3,2 пайыз әлдеқайда жоғары болады деп болжанған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
IMF бұл нәтижені мұнай өндірісінің артуымен, ішкі тұтынудың белсенді өсуімен және несие нарығының кеңеюімен байланыстырады. Аймақтағы экономикалық серпін, әсіресе Қазақстанда, инвестициялар мен тұтыну шығындарының ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілуде.
Баяндаманы таныстырған Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Жихад Азурдың айтуынша, жаһандық белгісіздік сақталғанына қарамастан, аймақ елдері сыртқы күйзелістерге күткеннен төзімді болып шықты. Ол Орталық Азияда жаңа экономикалық бағыт қалыптасып келе жатқанын атап өтті: елдер мұнай мен газға тәуелділікті азайтып, цифрлық технологиялар мен қызмет көрсету саласын дамытуға көшуде.
IMF сарапшылары аймақ үкіметтеріне үш стратегиялық бағыт ұсынады: қаржы тұрақтылығын ұзақ мерзімге қамтамасыз ету, ақша-несие саясатының сенімділігін арттыру және экономиканы әртараптандыруға бағытталған құрылымдық реформаларды жеделдету.
Қазақстанның қазіргі экономикалық бағыты осы ұсыныстармен үндес келеді. Үкімет индустрияны жаңғыртуды, жасыл энергия мен инновацияны дамытуды, сондай-ақ цифрлық түрленуді экономикалық өсімнің негізгі тетігі ретінде қарастырып отыр.
Алайда ХВҚ сарапшылары ел экономикасының тәуекелдерін де атап өтеді: мұнай бағасының төмендеуі, сыртқы қарыз көлемінің артуы және ақша-несие саясатының қатаңдауы өсім қарқынын тежей алады. Инфляцияның жыл соңына қарай 9,8 пайызға дейін жетуі де ықтимал.