Соңғы бес жылда қазақстандықтардың банк салымдары айтарлықтай өсіп, жинақтауға деген қызығушылық артқан. Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылдың тамыз айының соңында жеке тұлғалардың депозиттері 26 триллион теңгеден асып, жыл ішінде 17,5 пайызға немесе 3,9 триллион теңгеге көбейді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Соңғы үш жылда банктердегі жеке салымдардың орташа жылдық өсімі 22,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2020–2022 жылдары 17,7 пайыз болса, 2017–2019 жылдары небәрі 6,6 пайыз деңгейінде болған. Яғни азаматтардың қаржы сауаты артып, табысының бір бөлігін жүйелі түрде жинауға дағдыланып келе жатқаны байқалады.
Сарапшылардың айтуынша, басты қиындық — жинауды бастау емес, оны тұрақты әдетке айналдыру. Көпшілік “жинақ үшін көп табыс керек” деп ойлайды, бірақ тәжірибе керісінше екенін көрсетіп отыр: жүйелілік пен тәртіп – басты фактор. Мәселен, ай сайын табыстың 10 пайызын жинаққа аударып отыру ұзақ мерзімде айтарлықтай капитал қалыптастырады.
Осы мақсатта “Отбасы банк” іске қосқан “Арманға жол” сервисі азаматтарға жалақыдан автоматты түрде жинақ жасауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы қызметкерлер өз табысының бір бөлігін тікелей депозитке бағыттай алады. Яғни коммуналдық төлем сияқты автоматты жүйе – тек бұл жолы ақша болашақ пәтерге кетеді.
Банк сонымен қатар мемлекеттік сыйақы жүйесін де ұсынады: жыл соңында салымшының жинаған қаражатына 20 пайыз көлемінде мемлекет сыйақы қосады (бірақ 200 АЕК-тен аспайды). 2025 жылы бұл сома 157 280 теңгеге тең. Максималды сыйақы алу үшін жыл соңына дейін депозитті 786 400 теңгеге толтыру қажет.
Тұрақты салымдар “Отбасы банкіндегі” бағалау көрсеткішін (ОП) арттырады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, ипотека пайызы соғұрлым төмен болады — 5 пайыздан 3,5 пайызға дейін. Банк жүйесінде қазір күніне шамамен 2 500 жаңа депозит ашылып, 190 несие рәсімделеді. Тек 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 670 мыңға жуық адам жаңа депозит ашқан.
22 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі бүгінде еліміздегі ең тиімді ипотекалық тетік болып саналады және қазақстандықтардың қаржылық тұрақтылық мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып отыр.