homepage

Басын жартылай кесіп тастаған: Қостанайда полицейді өлтірген ер адамға үкім шықты

Juzmedia. kz
15.11.2024, 19:56

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында полиция қызметкерін асқан қатыгездікпен өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыскер өмір бойына сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылдың 3 мамырында Ұзынкөл ауданы Миролюбовка ауылының тумасы 35 жастағы Виктор Сербокрыл түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған соң полиция басқармасына жеке заттарын алып кетуге келген, алайда ол жақтан іздеген затын таппайды. 

6 мамырда ол полиция қызметкері Құмар Шайтасовтың үйіне барған. Сотталушының айтуынша, ол оған дейін 1931 жылғы сирек кездесетін тиынды Шайтасовқа берген. Яғни, полиция қызметкері тиынды сатып, ақшаның бір бөлігін Сербокрылға қайтаруға тиіс болған.

«Полиция қызметкері үйде болмағандықтан, сотталушы терезеден кіріп, пышағын ұстап, шкафтың артына тығылып тұрады. Сол кезде Шайтасов та оралады. Үйге кіріп, Сербокрылдыды көргенде оны бетінен бір ұрып, аулаға жүгіріп шығады. Алайда Сербокрыл оны қуып жетіп, арқасынан пышақ сұққан. Онымен тоқтамай, Шайтасовтың өмірлік маңызды ағзаларына он шақты ре пышақ сұғады. Соққылардан пышақ сынып қалғанда, Сербокрыл үйге кіріп, тағы бір пышақ алып шығады да, Шайтасовтың басын жартылай кесіп тастайды», - деп прокурор айыптауды оқып берді.

ЖАҢА ДЕРЕКТЕР АШЫЛДЫ

Іс материалдарына сәйкес, кісі өлтіргеннен кейін Сербокрыл полицейдің денесін бақшаға сүйреп апарып, екпетінен жатқызып, денесін матраспен жауып, үйге кірген.

Қылмыскер марқұмның үйінен жалпы сомасы 200 мың теңгеден асатын заттар мен азық-түлікті алып кеткен. Белгілі болғандай, ұрланған мүліктің бір бөлігі полицейдің бөлмесін жалдап тұратын екі адамға тиесілі болып шықты. Олар да іс бойынша жәбірленуші болып танылды.

Өзінің куәлігінде Сербокрыл алдымен орманға қарай жүгіргенін мойындады. Ол жерде біраз тұрып, кейін шетелге кетуді жоспарлаған.

КЕК ҚАЙТАРУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАН

Алайда сотта заттай дәлелдерді зерттеу кезінде мемлекеттік айыптаушы алдын ала жоспарланған, айрықша қатыгездікпен және жәбірленушінің кәсіби қызметіне кек қайтару мақсатында қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру әрекетін растайтын айғақтарды тапты.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша сотталған адам 2021 жылы ұрлық және полиция қызметкерінің өміріне қастандық жасау бойынша сотталған бұрынғы қылмыстық іс материалдарының көшірмелері зерттелді. Бұл материалдарды сотталушы үкім шығарылғаннан кейін өзімен бірге сақтап келген.

ӨЛТІРЕТІН АДАМДАРЫНЫҢ АТЫ-ЖӨНІН БЕЛГІЛЕП ҚОЙҒАН

Атап айтқанда, зерттеу барысында әрбір құжаттағы лауазымды тұлғалардың аты-жөндері тұсында сотталушының қолжазба түрінде жазбалар қалдырғаны анықталды. Тергеуші мен сарапшының аты-жөндерінің тұсына «пышақтаймын» деген жазбалар жазылған.

«Жәбірленуші, Ұзынкөл ауданы полиция бөлімінің криминалисінің есімі дөңгелекпен қоршалып, «пышақтаймын қаз» деген сөздер жазылған (орфография мен пунктуация сақталған). Сотта сотталушы бұл жазбаларды пенитенциарлық мекемеде болғанда полиция қызметкерлеріне ренжігендіктен жасағанын түсіндірді», - делінген хабарламада.

Анықталған мән-жайлар сотталушыға жаңа айып тағуға негіз болды – бұл қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерін ерекше қатыгездікпен өлтіру қылмысы. Жаңа айыптау 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

СОТ ҮКІМІ

Қылмыстың ерекше себебі, қатыгездігі, алдыңғы жазасын өтегеннен кейін тиісті қорытынды жасамауы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы, басқа тұлғаларға зиян келтіруге деген тұрақты ниетінің болуы және заңға бағынушылық мінез-құлқының қалыптаспауы ескеріліп, мемлекеттік айыптаушы оны қоғам үшін қауіпті деп санап, оны өмір бойына оқшаулауды қажет деп тапты.

«Сот талқылауында прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды», - делінген хабарламада.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.