Қыркүйек айында қазақстандықтардың АҚШ валютасына деген сұранысы төмендеп, еуроға қызығушылығы артты, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ұлттық банк деректеріне сілтеме жасап.
Мекеменің мәліметінше, қыркүйекте айырбастау пункттері арқылы сатылған доллар көлемі 107,2 миллиард теңгені құрады. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 22,8 пайызға аз. Америкалық валютаны ең көп сатып алған өңірлердің қатарында Шымкент (24 млрд тг), Алматы (22,4 млрд тг) және Астана (6,8 млрд тг) бар.
Ал еуроға сұраныс керісінше өскен. Қыркүйек айында азаматтар бұл валютаға 8,02 миллиард теңге жұмсаған, бұл өткен аймен салыстырғанда 16,2 пайызға жоғары. Еуроны ең көп сатып алған қалалар – Алматы (3,3 млрд тг) мен Астана (2,03 млрд тг).
Ресей рубліне келсек, оның айналымы айтарлықтай қысқарды: тамыздағы 31 миллиард теңгеден 16,7 миллиард теңгеге дейін азайды. Негізінен рубльдің басым бөлігі елордадағы айырбастау пункттерінде шоғырланды.
Қытай юаніне деген сұраныс та сәл өскен: қазақстандықтар қыркүйекте бұл валютаға 205,7 миллион теңге жұмсап, тамызбен салыстырғанда небәрі 2 пайыздық өсім көрсетті.