homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда коммуналдық жүйелер тозып тұр. Оларды жаңарту үшін триллиондар қалай жұмсалмақ?

24.10.2025, 16:13

Елде энергия және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба бекітілді деп хабарлайды Juzmedia.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, елдегі желілердің тозуы мен жабдықтары қатты ескіргендіктен электр, жылу, су және кәріз жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Жоба аясында заманауи цифрлық және энергия үнемдейтін технологиялар енгізіледі. Бұл ресурстарды тиімді басқаруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін шамамен 13 триллион теңге инвестиция тартылмақ. Оның ішінде энергетика секторына – 6,2 триллион, коммуналдық салаға – 6,8 триллион теңге қажет.

Қазіргі уақытта министрлік су және кәріз жүйелерінің шамамен 8 мың шақырым желісін жаңартумен айналысуда. Алдын ала есеп бойынша, бұл жұмыстарға 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады: соның 700 миллиард теңгесі – су жүйелеріне, 400 миллиард теңгесі – кәріз инфрақұрылымына бағытталады. Бұдан бөлек, 45 кәріз-тазарту нысанын салуға 800 миллиард теңге қажет болады.

Жобаны іске асыру тұрғындардың өмір сапасына және экономиканың даму деңгейіне тікелей әсер етуі тиіс. Сонымен қатар, су және кәріз жүйелерін басқаруға халықаралық компаниялар тартылуда. Қарағандыда шетелдік серіктеспен бірлесіп оқу және біліктілікті арттыру орталығы ашу жоспарланған. Ал Ақтөбе облысында ұзақмерзімді әріптестік негізінде тағы бір ұйым жұмыс бастамақ.

Министрлік болашақ серіктестер үшін басқару келісімдері мен тиімділік көрсеткіштерін (KPI) қамтитын сенімгерлік басқару тетігін әзірлеуде.