Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотека бойынша ең жоғарғы мөлшерлемені 20 пайызға дейін төмендетуді 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтата тұруды ұсынды. Бұл шешім ағымдағы макроэкономикалық жағдайға және банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS сайтына сілтеме жасап.
Агенттіктің түсіндіруінше, бұл норма халықтың несие алу мүмкіндігі мен банк секторындағы тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. «Қазіргі жағдайда ипотекалық несиелердің құнын реттеуде байыпты тәсіл қолдану маңызды. Шешім экономиканың жалпы жағдайын және банк жүйесінің тәуекелін ескере отырып қабылданды», – делінген хабарламада.
Мұндай шешімге үш негізгі фактор әсер еткен. Біріншісі – базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Қазір ол 18 пайызды құрайды, сондықтан ең жоғарғы мөлшерлемені 20 пайызға дейін түсіру ипотекалық нарықтағы өнімдердің қысқаруына әкелуі мүмкін.
Екіншісі – жаңа есептеу әдістемесін енгізу қажеттілігі. Енді ипотекалық несие мөлшерлемесі тұрғын үйдің нарықтық бағасы мен қарыз көлемі арасындағы қатынасқа (LTV коэффициенті) сүйеніп есептелмек. Бұл халықаралық тәжірибеде кең тараған тәуекелге бағытталған тәсіл. Мысалы, егер LTV жоғары болса, яғни бастапқы жарна аз болса – қайтармау тәуекелі жоғарылайды; ал төмен LTV керісінше, қарыз алушының жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді.
Үшіншісі – банктерге жаңа ипотекалық өнімдер әзірлеуге уақыт беру. Реттеушілердің айтуынша, қазір қаржы ұйымдары тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі негізінде бейімделген бағдарламалар енгізуге дайындалып жатыр.
Агенттік мәліметінше, бұл шешім уақытша сипатта. 2026 жылдың жазына дейінгі кезеңде ипотека нарығы жаңа тәуекелге бағытталған жүйеге көшеді, содан кейін ғана мөлшерлемелерді төмендету мүмкіндігі қарастырылмақ.
Айта кетейік, маусым айында Агенттік нарықтық ипотека бойынша ең жоғарғы мөлшерлемені 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетуді ұсынған еді. Алайда бұл жаңашылдық кейін 2025 жылдың қарашасына, енді 2026 жылдың шілдесіне шегерілді.