АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин 30 қазан күні Оңтүстік Кореяда кездеседі. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кездесу Трамптың Азияға жоспарланған сапары аясында өтеді. Ол Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяға бармақ. Екі ел басшыларының жүздесуі Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті шеңберінде ұйымдастырылмақ.
Кэролайн Ливитт сондай-ақ Трамптың бұл сапар кезінде Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаитимен де кездесетінін растады. Көпшіліктің назарында тұрған бұл сапар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда, қауіпсіздік және аймақтық ықпал мәселелерін талқылаудың маңызды кезеңі болмақ.