homepage
Фото: Juzmedia.kz коллажы

Алматыдағы «Атакент» кешенін қайта жөндеуге 10,3 миллиард теңге жұмсалмақ

24.10.2025, 12:40

Алматыда маңызды қала символы санатына жататын «Атакент» көрме кешенін қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба басталды. Жұмыстарға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, қомақты келісімшартты орындайтын мердігер компания анықталды.

Реконструкция мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Мұндай көлемдегі қаржы үшін әдетте ең ықпалды құрылыс компанияларының өзара бәсекесі жүреді. Juzmedia.kz бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқандығын зерттеп көрді. 

«Атакентке» бөлінген миллиардтар

Тамыз айында мемлекеттік сатып алу порталында Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жариялаған тендер өтті. Соның нәтижесінде «Атакент» көрме орталығының аумағын қайта жаңарту жұмыстарына 10,3 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, жоба мақсатының бірі – қала мен қоғамдық кеңістікті заманауи, жаңа көзқараспен бейнелейтін көпқырлы орта қалыптастыру. 

«Өңірдің ерекше жылы климаты әртүрлі көгалдандыру элементтері бар табиғи саябақ жасауға мүмкіндік береді. Мұнда «геопластика» тәсілдері, функционалдық аймақтар мен демалыс орындары қарастырылған. Адам факторы – кеңістікті пайдаланушы мен ортаның арасындағы синергияны қалыптастыратын басты элементке айналады», – делінген құжатта.

Жаңа жоба бойынша саябақ аумағында ұзындығы 750 метр болатын басты аллея, сондай-ақ серуен жолдары мен бақылау алаңы бар орманды аймақ салынбақ.
Жоба аумағында мынадай нысандар салу жоспарланған: кіреберіс бөлігі (Бақшасарай алдындағы аймақ), басты аллея, дөңгелек және жаяу жүргіншілерге арналған субұрқақтар, 7 жастан асқан балаларға арналған ойын алаңы, «Каскад-5» және «Каскад-3» субұрқақтары, ағаш жолақ, орман аллеясы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алаң, тыныш демалыс аймағындағы беседкалар мен әткеншектер, серуен жолдары, бақылау алаңы, амфитеатрлар мен сахна, парклеттер, 7–14 жас аралығындағы балаларға арналған ойын алаңы, ит серуендету алаңы, үш модульді санитарлық торап, жылдам тамақтану павильондары, екі ашық автотұрақ, трансформатор станциясы, сегіз контейнерге арналған қоқыс алаңы, жер асты бетон резервуары және велосипед жолы.

Белсенді демалыс аймағында баскетбол және воркаут алаңдары, ашық аспан астындағы жаттығу аймағы, балалар алаңшалары, шахмат ойнауға арналған бұрыш пен үстел теннисі алаңы қарастырылған.
«Жобада жаңа мүсіндер орнатылады, ескі субұрқақтар қайта жөнделеді. Парк аумағында композициялық тастан жасалған орындықтар мен қоқыс жәшіктері, ерекше үлгідегі архитектуралық орындықтар, әткеншек-дивандар, сондай-ақ қаланың түнгі көрінісін айшықтайтын заманауи жарық шамдары қойылады. Бар арка сақталып, оған қосымша бірнеше архитектуралық элементтер енгізіледі. Сонымен қатар композициялық тастан жаңа орындықтар, металл және ағаш перголалар, парклеттер, шезлонгтар мен аркалар қосылады. Бөлек аймақта демалуға арналған отырғыштар орнатылады. Қолайлылық үшін модульдік кафе ғимараты қарастырылған. Парк аумағындағы барлық жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады», – дейді жобаға жауапты өкіл.
Жобада жалпы 84 651 шаршы метр аумақ көгалдандырылады. Соның ішінде бұталар мен гүлзарлар – 20 995,5 шаршы метрді, ал газонды аймақтар – 60 969 шаршы метрді құрайды.

Бюджет миллиардтары кімге бұйырды?

Бұл тендерге барлығы жеті компания өтінім берген. Нәтижесінде «Global Construction kz» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Компания сараптамалық қорытындыға сай жұмыстарды тоғыз айдың ішінде аяқтауы тиіс.
Ашық деректерге сәйкес, компания Алматы қаласы Әуезов ауданы, Төле би көшесінде тіркелген. Нарықта 2006 жылдан бері жұмыс істейді және қызметкерлер саны 150-ге дейінгі орта кәсіпорын ретінде саналады. Компанияның негізгі қызметі – тұрғын үй құрылысы.
2016 жылдан бері фирма мемлекеттік сатып алуларға қатысып келеді. pk.uchet.kz деректері бойынша, осы жылдар ішінде компания 146 келісімшартқа қол қойып, шамамен 84 миллиард теңге көлемінде жұмыстар атқарған.
Дегенмен компания иесі туралы деректер мардымсыз. Фирманың басшысы және құрылтайшысы ретінде Тимур Джакупаев есімді азамат көрсетілген. Ашық деректерде оның өмірбаяны немесе кәсіби тәжірибесі туралы ақпарат жоқ.