Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Гнел Акопян – халық қалаулысы ғана емес, өңірдегі жол құрылыс нарығындағы ең ықпалды ойыншылардың бірі деуге болады. Депутатқа тиесілі компания жыл сайын миллиардтаған мемлекет тендерін ұтып келе жатыр. Бюджетті бақылауға тиіс адам қалайша сол бюджеттің негізгі игерушісіне айналды?
Juzmedia.kz бұл материалда Акопянның қандай мемлекеттік органдармен жиі келісімшарт жасайтынын, ол ұтып алған тендерлердің сомасы қанша екенін және неге өңірлерде бизнес пен саясат әлі күнге дейін тығыз байланыста екенін талдап көрді.
ДЕПУТАТ ИЕЛІГІНЕ НЕ ТИЕСІЛІ
Гнел Мартиросович Акопянның есімі Павлодар облысында есімі көпшілікке жақсы таныс. Облыстық мәслихаттың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Акопян бұған дейін қалалық мәслихаттың III, IV, V және VI шақырылымдарының депутаты болған. Ал 2023 жылдың 19 наурызында «АMANAT» партиясының атынан облыстық мәслихат депутаты мандатын иеленді.
«1962 жылы Арменияның Ахурян ауданындағы Джрарат ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әскер қатарында қызмет еткен соң Павлодар облысына қоныс аударған. 1992 жылы «АЗА» ЖШС атты жеке кәсіпорнын құрды. Қазір бұл кәсіпорын Павлодар облысындағы жол құрылысы саласының жетекші компанияларының бірі», – делінген мәслихат сайтындағы өмірбаянында.
Бүгінде депутатқа тиесілі компания жыл сайын миллиардтаған теңгелік мемлекеттік тапсырыстарды ұтып алып, облыстағы негізгі мердігерлердің біріне айналған.
Ашық деректерге сүйенсек, «АЗА» ЖШС Павлодар қаласындағы Михаил Исиналиев көшесінде тіркелген. Кәсіпорын орта бизнес санатына жатады және бірнеше бағытта жұмыс істейді: битум мен өзге де құрылыс материалдарын өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу, тауарлық бетон шығару және жол мен автомагистраль салу.
Компанияның басшысы әрі жалғыз иесі – Гнел Мартиросович Акопянның өзі.
Кәсіпорынның айналымы да аз емес, жыл сайын мемлекеттік қазынаға жүздеген миллион теңге көлемінде салық төлейді. 2021 және 2024 жылдары бұл сома 1 миллиард теңгеден де асып түскен.
pk.uchet.kz дерегіне сәйкес, фирма 2016 жылдан бері мемлекеттік сатып алуларға қатысып келеді. Осы уақыт аралығында компания мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 172 миллиард 166 миллион теңгені құрайтын 303 келісімшарт жасаған.
КОМПАНИЯ КЕЛІСІМ ШАРТТАРЫ
Биылдың өзінде-ақ «АЗА» ЖШС бірнеше ірі мемлекеттік тапсырыстардың жеңімпазы боп танылған.
Компаниямен жиі келісім жасайтын тапсырыс берушілердің бірі – Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мәселен, 2025 жылдың 10 қыркүйегінде Машһүр Жүсіп көшесін орташа жөндеуге жариялаған мекеме тендерін «АЗА» компаниясы жеңіп алған. Жоба құны - 114 миллион теңге.
Одан бөлек аталған мекеме биыл наурыз айында Жібек жолы көшесін орташа жөндеуге арналған тендер бойынша аталған компаниямен құны 640 миллион теңге болатын тағы бір келісімшарт жасасқан.
Осы тәрізді, ақпан айында құны қос тарап Назарбаев даңғылын орташа жөндеу ( құны 557 миллион теңге), Олжабай батыр көшесін жөндеу (542 миллион теңге) бойынша екіжақты тағы бірнеше келісім жасасқан.
Осылайша, бір жыл ішінде-ақ депутат компаниясы облыс орталығындағы ең қомақты жобаларға қол жеткізген.
Акопян компаниясы мен Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2024 жылдың 30 желтоқсанында тағы бір қомақты келісім шартқа қол қойған.
Келісімшарт құны – 1 миллиард 831 миллион теңге. Бұл қаржыға Назарбаев даңғылының Торайғыров көшесінен Естай көшесіне дейінгі және Ломов көшесінен Ладожская көшесіне дейінгі бөліктерін орташа жөндеу қажет болған.
Алайда бұл жобалардың өзі ұлттық компания «ҚазАвтоЖолдан» алынған келісімшарттармен салыстырғанда шағын ғана. 2025 жылдың 19 тамызында «АЗА» ЖШС «ҚазАвтоЖолмен» құны 8 миллиард 479 миллион теңге болатын келісімшарт жасасты. Бұл қаражат «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка (РФ шекарасы)» бағыты бойынша жолдың 22,5 шақырымдық бөлігін орташа жөндеуге және автоматтандырылған салмақ өлшеу жүйесін орнатуға жұмсалмақ.
Айта кетсек, бұл компанияның «ҚазАвтоЖолмен» алғашқы келісімі емес. Бұған дейін, сәуір айында, компания 7 миллиард 918 миллион теңгеге тендер ұтып алып, «Ленинский – Ертіс – Русская Поляна» тасжолының орташа жөндеу жұмыстарын қолға алған.
Ал қаңтар айында компания тағы бір мердігерлік жобаға ие болды. Атап айтқанда, Железин ауданының нақты сектор бөлімімен жасалған келісімшарт бойынша «Железинка – Веселая Роща – Мыңкөл» жолының орташа жөндеуіне 1 миллиард 32 миллион теңге бөлінген.
Осылайша, бір жылдың ішінде депутаттың компаниясы тек қалалық емес, облыстық және республикалық деңгейдегі ірі жол жобаларының негізгі орындаушысына айналып отыр.
Миллиардтаған жобалар мен белсенді кәсіпкерлік қызметтің ортасында депутат Акопянның өзіне жүктелген негізгі міндеттерге мәслихат жұмысы, сайлаушылардың мүддесін қорғау, өңір тұрғындарының күнделікті мәселелерін шешу кіреді.
Саясат пен бизнестің бұлайша тоғысуы, әділдік пен ашықтыққа қатысты бірқатар сауал тудырады. Нақты бақылау мен ашықтық болмаса, нарық бәсекелестік алаңынан гөрі жабық, өзара ынтымақтасқан ойыншылардың кеңістігіне айналуы мүмкін.