homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

4% салық және еркіндік: фрилансерлерге жаңа дәуір басталмақ

24.10.2025, 09:02

2026 жылдан бастап Қазақстандағы фриланс нарығы жаңа салық жүйесіне өтеді. Жаңа Салық кодексі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын бизнеске арналған ережелерді түбегейлі өзгертпек, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Бұрынғыдай күрделі салық түрлері мен есеп берудің орнына енді тек үш қарапайым режим қалады. Солардың бірі — фрилансерлерге арналған арнайы режим.

Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бар болғаны табыстан 4% салық төлеу жеткілікті, ал есептілікті цифрлық платформа автоматты түрде жүргізеді. Ең жоғары табыс шегі — айына 1,3 миллион теңге.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс фриланс нарығын «көлеңкеден шығарып», бизнес пен орындаушылар арасындағы қатынасты жеңілдетеді. Енді компаниялар фрилансерлерге ресми түрде ақы төлей алады, ал олар өз кезегінде еңбек өтілін жинап, әлеуметтік қорғалуға ие болмақ. Алайда кей кәсіпорындар үнемдеу мақсатында штаттағы қызметкерлерін жалған түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде рәсімдесе, қатаң айыппұл салынады.

Жүйе дұрыс жұмыс істесе, Қазақстан фриланс экономикасын заңдастырып, оны ел экономикасының тұрақты бөлігіне айналдыратын өңірдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болуы мүмкін.