Қостанайда Kia Qazaqstan зауытының жұмысы басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл — соңғы жылдары елде ашылған ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуы автомобиль саласына ғана емес, инженерлік және техникалық кадрларды даярлау жүйесіне де әсер етеді.
Қазақстанда жаңа көліктерге сұраныс артып келеді. Бұған автопаркті жаңарту, автонесиелеу мен лизинг тетіктерінің дамуы және отандық өндіріс өнімдеріне сенімнің күшеюі ықпал еткен. Сарапшылар Kia Corporation компаниясының Қазақстандағы зауыт ашу туралы шешімін брендтің ұзақмерзімді стратегиясының айқын дәлелі деп санайды.
Автоэксперт Артур Мискарянның айтуынша, толық циклді өндіріс іске қосылуы жаңа өнеркәсіптік кластердің қалыптасуына түрткі болады. «Зауыттың айналасында қосалқы кәсіпорындар мен компонент жеткізушілер дамиды. Бұл мыңдаған жұмыс орнын ашып, инженерлік-техникалық мамандарға сұранысты арттырады. Демек, білім беру жүйесі де осы бағытта бейімделуі тиіс», — деді ол.
Ал Allur University ректоры Людмила Олкинян өндірістің автоматтануы мен роботтануы жаңа буын инженерлерін қажет ететінін атап өтті. «Бүгіннен бастап оқу бағдарламаларына роботтармен жұмыс істей алатын әмбебап мамандарды даярлау бағытын енгізу қажет. Қарапайым операцияларды машиналар атқаратын дәуір келді, ал адамдарды күрделі процестерді басқаруға үйрету маңызды», — дейді Олкинян.
Оның айтуынша, бүгінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар ерекше мәнге ие болып отыр. Мысалы, Allur компаниясы өз зауытының базасында робототехника мен автоматтандыру саласындағы зерттеу орталықтарын ашқан. Сонымен бірге өндіріс менеджментін меңгерген заманауи басшыларды даярлау да маңызды бағыттардың бірі саналады.
Kia Qazaqstan зауытының іске қосылуы өндіріс, білім және мемлекет арасындағы жаңа серіктестік моделінің бастамасы ретінде қарастырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы бағыттар — инженерия, автоматтандыру және өндірісті басқару — алдағы жылдары қазақстандық жастардың кәсіби болашағын айқындайтын негізгі салаларға айналады.