homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Индия ресейлік мұнай импортын қысқартпақ

23.10.2025, 16:06

АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына қарсы жаңа санкцияларынан кейін Индия ресейлік мұнай импорты көлемін айтарлықтай азайтпақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл шешім Нью-Дели мен Вашингтон арасындағы сауда келісіміне жол ашуы мүмкін.

Қазір Индияда ресейлік мұнай жалпы импорттың үштен біріне жуық үлеске ие. Ел тәулігіне шамамен 1,7 миллион баррель ресейлік мұнай сатып алып келген. Енді ірі жеке компаниялар мен мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары келісімшарттарын қайта қарап жатыр. Reliance Industries ресейлік мұнай импортына толық не ішінара тоқтау қоюды жоспарлауда. Ал Indian Oil Corp, Bharat Petroleum және Hindustan Petroleum компаниялары жаңа санкциялардан кейін «Роснефть» пен «Лукойлмен» тікелей байланысы бар жеткізілімдерді тексеріп жатыр.

Reuters дерегінше, бұл шешім Индия мен АҚШ арасындағы тарифтік келіссөздерге әсер етуі мүмкін. Қазір Вашингтон Үндістанның АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына 50 пайыздық тариф енгізіп отыр, оның жартысы ресейлік мұнай сатып алуына жауап ретінде қойылды. Сауда келісімі жасалса, бұл тарифтер азаюы ықтимал.

Reliance компаниясы ресейлік мұнайдың орнына Таяу Шығыс пен Бразилиядан шикізат сатып алуға кірісіп кетті. Ал басқа компаниялар импорт көлемін банктердің төлем жүйесіне байланысты реттемек. Егер қаржы институттары төлемдерге рұқсат бермесе, ресейлік мұнай импорты толық тоқтауы мүмкін.

Reuters атап өткендей, бұл қадам Ресейдің энергетикалық кірісіне соққы беруі ықтимал. Ал жаһандық нарықта Brent маркалы мұнай бағасы осы жаңалықтан кейін 3 пайызға өсті.