homepage
Фото: zakon.kz коллажы

2025 жылы Қазақстанда зейнетақы қанша пайызға өсті?

23.10.2025, 10:34

2025 жылғы 1 қазанға дейін республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 3 трлн 158,1 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде 1 трлн 22,1 млрд теңге базалық зейнетақыға, ал 2 трлн 136 млрд теңге ынтымақты зейнетақыға бағытталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазіргі таңда елімізде 2 млн 510 мың зейнеткер бар. 1 қазанға есептелген орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 142 810 теңгеге жеткен. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 249 теңге, ал базалық төлем – 47 561 теңгені құрайды.

Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға ұлғайды. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарысы 120%-ға дейін кезең-кезеңімен өсіріледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңгеге, ал ең жоғарысы 50 851 теңгеге дейін артты.

2018 жылдан бері базалық зейнетақы әр адамның еңбек өтіліне байланысты жеке есептеледі. 1998 жылға дейінгі ынтымақты жүйедегі жұмыс кезеңдері мен міндетті зейнетақы жарналары аударылған уақыт жалпы өтілге қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жылдан аз болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. Әр қосымша жыл үшін төлем мөлшері 2%-ға өседі. 20 жылдық өтілі бар азаматтар күнкөріс деңгейінің 90%-ын, ал 30 жылдан асқан еңбек өтілі барлар 110%-ын алады.

Міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты әрі толық аударылған сайын, зейнет жасында төленетін базалық зейнетақының көлемі соғұрлым жоғары болады. Ал жасына байланысты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне (кемінде алты ай қажет) және зейнетке шыққанға дейінгі орташа айлық табысқа байланысты есептеледі.