homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Декларациясыз табыс жоқ: мемлекет аударымдарды сүзгіден өткізбек

22.10.2025, 17:19

Жаңа жылдан бастап салық органдары банктік аударымдары жиі жасалатын азаматтарға назар аудармақ. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл шара табысын жасырған тұлғаларды анықтап, декларациялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«1 қаңтардан бастап біз жаңа кезеңге өтеміз — 2023, 2024 және 2025 жылдар қайта тексерілмейді. Бұл — үш жылдық талап мерзімі бар шағын бизнес үшін маңызды өзгеріс. Сондай-ақ камералдық тексерулер де жүргізілмейді, тек шетелден табыс алатындарға қатысты ерекшелік сақталады. Ал құқық қорғау органдарының бастамасымен қозғалған қылмыстық істерде тексерулер стандартты тәртіппен жалғасады», — деді Біржанов Мәжілістегі үш жылдық бюджет қабылданған отырыстан кейін.

Вице-министрдің айтуынша, егер азаматтар ірі мүлік сатып алып немесе тұрақты табыс алып, оны декларацияда көрсетпесе, оларға декларация тапсыру туралы хабарлама жіберіледі. Бұл нақты тексеру емес, ескерту сипатындағы шара болмақ. Мұндай бақылау тек тіркелген салық төлеушілерге, яғни шағын және микробизнес өкілдеріне қатысты жүргізіледі.

Қазір министрлік банктік аударымдарға қатысты жаңа механизм әзірлеп жатыр.

«Мысалы, 2026 жылы бірінші жартыжылдықта аударымдар тіркелсе, оларды тоқтатпаймыз, бірақ декларацияға енгізу міндеті қойылады. Ал 2022–2023 жылдарға оралмаймыз», — деді Біржанов.

Биыл қыркүйектен бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже күшіне енді: үш айда 1 миллион теңгеден асқан аударымдар салықтық бақылауға ілігуі мүмкін. Бұл шара блогерлерге жүргізілген салықтық тексерулерден кейін қолға алынып отыр. Бұған дейін 594 блогер табысын төмендетіп көрсеткені анықталып, олардың жалпы берешегі 53,3 миллиард теңгеге жеткен еді. Кейбірінің салық сомасы 300 миллион теңгеден асып, болжамды айналымы шамамен 1 миллиард теңге болды.