Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, бюджет қаржысының қозғалысын бақылау үшін жаңа ақпараттық жүйелер енгізіле бастады. Енді мемлекеттік қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын онлайн түрде көруге болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, биыл алғаш рет бюджет жоспарланбай тұрып тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде 1,5 триллион теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы, кейбір мектептердің бухгалтерлері бір адамның жеке сәйкестендіру нөміріне әртүрлі фамилиямен 66 рет төлем жасаған. Осылайша өздеріне немесе таныстарына артық ақша аударды. 2024 жылы мұндай бұзушылықтардың жалпы сомасы 327 миллиард теңгені құраса, биылғы тоғыз айда 123 миллиард теңге болды.
Сонымен қатар министрлік «маркет-талдау» жүйесін енгізіп отыр. Бұл жүйе арқылы мемлекет тауар не қызмет сатып алғанда оның бағасын нарықтағы құнымен салыстырып көреді. Осы тәсіл арқылы жасанды түрде қымбат баға қою мен артық шығын жасау жағдайларының алдын алу көзделді.