homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда соңғы бес жылда ажырасу саны 16%-ға азайды

22.10.2025, 10:26

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бес жылда елдегі ажырасу көрсеткіші 16%-ға төмендеді. 2020 жылы 48,2 мың неке бұзылған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін азайған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ажырасу деңгейінің төмендеуіне әлеуметтік саясат пен заңнамалық өзгерістер әсер етті. 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс осал санаттағы отбасыларды қолдауға бағытталып, көпбалалы және табысы төмен жанұяларға арналған әлеуметтік қолдау шараларын күшейтті. Сондай-ақ ана мен бала құқығын қорғау тетіктері жетілдірілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жаңа заң қабылданып, тұрмыстық зорлық әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа да қатаң жаза енгізілді.

Бұрынғы отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта ұйымдастырылып, олардың саны ел бойынша 33-тен 131-ге дейін артқан. Қазір министрлік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осы орталықтардағы қызметтерді автоматтандыру мен цифрландыруды қолға алынды.

Сонымен қатар 2025–2027 жылдарға арналған отбасы мен некені нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоба отбасылық өмірге саналы дайындық пен ажырасудың алдын алуға бағытталған. 2024 жылы Шымкент пен Астанада некеге тұруға өтініш берушілерге арналған тегін кеңес беру мен оқыту бағдарламасы пилоттық түрде іске қосылып, оң нәтиже көрсетті.

Министрлік қазір «Ата-аналар академиясын» құру бастамасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба аясында ата-аналарға арналған онлайн-курстар мен түсіндіру кездесулері өтеді. Жақын уақытта «Ата-ана.kz» онлайн платформасы іске қосылмақ.

Бұдан бөлек, жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталады. Соңғы 11 жылда бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Ал 2023 жылдан бастап Қазақстанда Аналар күні мен Әкелер күні ресми мерекелер қатарында аталып өтеді.

2025 жылдың басында көпбалалы және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 847,7 мың отбасын қамтыды.