homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Жалақы өсіп, талап күшеюде: Қазақстанда еңбек нарығы қалай болып жатыр?

21.10.2025, 17:40

Қазақстанда орташа жалақы көлемі тұрақты өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында елдегі орташа айлық еңбекақы 448,6 мың теңгені құрады. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш – 471 мың теңге, ауылдық аймақтарда – 381,7 мың теңге деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өткен жылмен салыстырғанда номиналды жалақы 11,3 пайызға артты. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда өсім 6 пайызды құрады, ал нақты (сатып алу қабілетін ескергендегі) өсім – 2,4 пайыз. Соңғы бес жылда орташа айлық табыс 2 еседен астам өсті. Мұндай серпін экономиканың әртараптануы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және бизнес цифрландыруының нәтижесін көрсетеді.

Қазір еңбек нарығы біліктілікке және дағдыларға сезімтал бола түсті. Цифрлық білімге ие, шетел тілдерін білетін, аналитика мен жобаларды басқаруға қабілетті мамандардың табысы айтарлықтай жоғары. Мәселен, ауыл шаруашылығында инженерлердің жалақысы 2,7 млн теңгеге дейін жетсе, аналитиктер – шамамен 850 мың теңге, ветеринарлар мен технологтар – 700–750 мың теңге аралығында табыс табады.

2025 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді — бұл тәуелсіздік тарихындағы ең төмен көрсеткіш. Ел бойынша 607 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде 153 мыңнан астамы — мемлекет ұсынған жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық 3,1 пайызға дейін азайған.

Ең жоғары сұраныс жұмысшы мамандықтарда байқалады: дәнекерлеушілер, жүргізушілер, құрылысшылар, техникалық мамандар және ауыл шаруашылығындағы мамандар үшін айлық 350 мыңнан 800 мың теңгеге дейін жетеді. Алайда жұмыс іздеушілердің бір бөлігі «жеңіл әрі жоғары жалақылы» қызметті күтетіндіктен, кейбір орындарды еңбек мигранттары иеленуде.

Бүгінде Қазақстанның жалақы деңгейі Орталық Азия елдерімен салыстырғанда көш бастап тұр: ол Өзбекстандағы орташа еңбекақыдан 70 пайызға, Қырғызстаннан 73 пайызға және Тәжікстаннан 2,5 есе жоғары. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық еңбек нарығы енді «лауазымға қарай емес, қабілетке қарай» бағаланатын кезеңге аяқ басты.